«Екі жұлдыз» – балалар мен педагогтердің шығармашылық байқауы
01.10.2026
«Екі жұлдыз» – балалар мен педагогтердің шығармашылық байқауы Мектепке дейінгі ұйымымызда балалар мен педагогтердің шығармашылық қабілеттерін қолдауға бағытталған «Екі жұлдыз» атты ерекше өнер байқауы өтті. Байқаудың негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін анықтап, қолдау көрсету, өнерге деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ ата-ана, бала және тәрбиеші арасындағы тығыз байланысты нығайту. Сонымен қатар балаларды көркемдік-эстетикалық және рухани-адамгершілік бағытта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінді. «Екі жұлдыз» байқауының басты ерекшелігі – әр жұптың құрамында бір тәрбиеленуші мен бір педагогтың өнер көрсетуі болды. Қатысушылар көрермендер назарына ән, би және шығармашылық қойылымдар ұсынды. Сахна төрінде «Бөбек», «Радуга», «Жұлдыз», «Балдырған», «Ақбота», «Құлыншақ» топтарының тәрбиеленушілері өз тәрбиешілерімен бірге өнер көрсетіп, ерекше таланттары мен шығармашылық қабілеттерін танытты. Байқау барысында көрермендер «Барби», «Ақпақ гүлдер», «Тик Ток», «Топ-топ балақан», «Баю-баюшки-баю» сияқты түрлі музыкалық және би қойылымдарын тамашалады. Әр жұп өз өнерін ерекше дайындықпен ұсынып, сахнада өзара үйлесімділік пен шығармашылық шеберлікті көрсете білді. Іс-шара барысында балалар үшін педагогпен бірге сахнаға шығып, өз өнерін көпшілік алдында көрсету – үлкен тәжірибе әрі жарқын эмоция болды. Ал педагогтер балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, олардың өзіне деген сенімділігін арттыруға қолдау көрсетті. Байқаудың құрметті қонақтары мен қатысушылары қатарында балабақша директоры Уалетдинова Рабиға, балабақша психологы Жилбаева Арайлым Маратовна және белсенді ата-ана Болатова Марал Темирғалиевна болды. Шара соңында барлық қатысушылар сахнаға шақырылып, қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. «Екі жұлдыз» байқауы балалар мен педагогтерді өнер арқылы біріктіріп, шығармашылық қабілеттерді дамытуға, өзара қолдау мен жағымды қарым-қатынасты қалыптастыруға мүмкіндік берді. Әр бала – жарқырауға лайық жұлдыз! Ал бірге өнер көрсеткенде олардың жарығы одан әрі жарқырай түседі! 